• Арнайы нұсқа
  • Мобильді нұсқа

You are here

Жаңалықтар

06.03.2019 г.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдайды бақылауда ұстауда

Бүгін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы – ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшин қызылшамен сыртқаттанушылық бойынша эпидемиологиялық жағдай туралы брифинг өткізді.

ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің деректері бойынша эпидемиологиялық жағдайды ведомство бақылауға алып отыр және барлық қажетті шараларды күшейтуде.

2018 жылы қызылшаның 70 мыңнан астам жағдайы тіркелген Еуропа өңірінде де қызылшамен сырқаттанушылық бойынша жағдай күрделі екені байқалады: Украинада (38 мыңнан астам жағдай), Сербияда (5 мың жағдайға жуық), Францияда (2771), Италияда (2599), Ресейде (2327) Қырғызстанда (448) және басқа елдерде тіркелген. Бұл ретте, қызылша  ауруынан болған 71 өлім жағдайы тіркелген.  

Еуропадағы қызылшамен сырқаттанушылықтың өсуін ДДҰ-ы қызылшаға қарсы вакцинацияның аз қамтылумен байланыстырып отыр.

«Инфекцияның сырттан әкелінуіне тұрғындардың көші-қоны ықпал етті. Инфекцияның таралуына егілмеген адамдардың, оның ішінде 80-ші жылдардың соңында және 90-шы жылдардың басында вакцинацияның болмауына байланысты вакцинация алмаған келешек аналардың болуы ықпал етті. Сонымен қатар, қызылшамен сырқаттанушылықтың өсуіне вакцинациядан бас тартқан адамдардың да рөлі жоққа шығарылмайды,  бас тартқандардың арасында 301 адам қызылшамен сырқаттанған» - деп атап айтты Жандарбек Бекшин. 

Бекшиннің айтуынша, Қазақстанда айналымда жүрген қызылшаның вирустарын генотиптеу еуропалыққа ұқсас D8 және В3 штаммдарының айналымын көрсетіп отыр. Бұл ретте, В3 генотипінде Dublin генетикалық желілері, сондай-ақ жоғары агрессивтілігімен, патогенділігімен және жұқпалылығымен сипатталатын Kabul желілері анықталған. Астанада көбінесе Dublin генетикалық желілері айналымда жүр. Бұл қоздырғыштар Қазақстан аумағында айналымда болмаған. Осы штамм Украинда қызылшаның 47 мың жағдайына себепші болды.

Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті қызылшамен сырқаттанушылық бойынша жағдайға күн сайын мониторинг жүргізеді. Өткен аптада республикада (2019 жылғы 27 ақпаннан бастап 2019 жылғы 6 наурыз аралығында) қызылшаның 438 жағдайы тіркелді, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар – 282 (65%). Республиканың барлық өңірлерінде қызылшаның тіркелуі байқалады, атап айтқанда Астана қаласында соңғы аптада қызылшаның 99 жағдайы тіркелген.  Бүгінгі күні республика бойынша 186 науқас, оның ішінде Астана қаласында 15 науқас ем алуда.

Қазақстан Республикасында қызылшамен сырқаттанушылық көбінесе егілмеген балалардың арасында тіркеліп отырғанын, ол 60%-дан астамды құрайтынын, сондай-ақ егу мәртебесі белгісіз, яғни 20 жастан асқан адамдардың арасындағы сырқаттанушылықтың үлес салмағы жоғары – 28% екенін, Жандарбек Бекшин атап айтты. Балалар мынадай себептермен егілмеген: егу жасына толмауы (1 жасқа толмаған) – 56%,  медициналық себептермен кейінге қалдырулар (жіті аурулар және созылмалы аурулардың асқынуы, окнологиялық аурулар, орталық жүйке жүйесі ауруларының ауыр үдемелі аурулары) – 31%, вакцинациядан бас тарту –13%.

Егілмеген адамдардың арасында қызылшаның тіркелуі вакцина сол аурулардан, оның ішінде егудің көмегімен алдын алуға болатын қызылшадан қорғаудың ашық мысалы екендігін атап айту керек. Соған байланысты, инфекция ошақтарында қызылшаға қарсы егілмеген адамдарды анықтауға және вакцинациялауға бағытталған іс-шаралар жүргізілуде. Бүгінгі күні эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша 8529 адам егілген.

«Денсаулық сақтау министрлігі қызылшаға қарсы вакцинаның 478 мың доза қосымша көлемін сатып алуға 580,9 млн. теңге көлемінде қаражат бөлді. Қызылшаға қарсы вакцина келіп түскеннен кейін шамаман ағымдағы жылғы 1 сәуірден бастап 9 айлық нәрестелерді, яғни күнтізбелік мерзімнен (12 айлықтан) ерте, сондай-ақ медицина қызметкерлерін вакцинациялауды жоспарлап отыр» - деді Жандарбек Бекшин.

Егулер күнізбелігіне сәйкес (1 жастағы және 6 жастағы балалар) жоспарлы тәртіппен, оның ішінде инфекция ошақтарында (30 жасқа дейін егілмеген адамдар) қызылшаға қарсы вакцинациялау жалғасуда. Тұрғындардың осы топтарын иммундау үшін вакцинаның жеткілікті көлемі бар.

Қызылшаның вирусы ауа-тамшы жолымен жеңіл беріледі және өміршең бөлшектері қызылша ауруының тасушысы үй-жайдан шығып кеткеннен кейін екі сағатқа дейін ауада сақталады. Қызылша бөртпе пайда болғанға дейін төрт күн бұрын және бөртпе пайда болғаннан кейін төрт күнге дейін басқа адамдарға беріле алады. Сондықтан, ауру жұқтырған адам қызылшаның ешбір белгілерінсіз және өзінің денсаулығы туралы білмей вирус таратуды жалғастырады. Олар адамдармен қарым-қатынаста болып, жұмысқа, мектепке, дүкенге барады, маршруттарда және метрода жүреді. Егілмеген адамдар вирусы бар ауамен тыныс алғаннан кейін 90% жұқтыру ықтималдығына ұшырайды.

«Вирустық инфекциялар бойынша, оның ішінде қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, жас балалары бар аналарға, сондай-ақ әртүрлі себептермен (баласының денсаулығы жағдайы, егу жасына толмаған, вакцинациядан бас тарту және т.б.) профилактикалық егу алмаған барлық адамдарға қызылша бойынша эпидемиялық жағдай тұрақтанғанға дейін адамдар көп жиналатын жерлерге (сауда-ойын-сауық орталықтары, кинотеатрлар, ХҚО және т.б.) барудан бас тартқан жөн» -деп ұсыным білдірді ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшин.

Қызылшадан қорғанудың бірден бір тиімді шарасы  вакцинация болып табылатынын естен шығармау қажет. Дене қызуының көтерілуі, катаральдық көріністер (жөтел, мұрынның бітелуі, тамақтың ауыруы) және денеге бөртпенің шығуы сияқты белгілер пайда болған жағдайда уақтылы диагностикалау, емдеу және асқынуларға жол бермеу мақсатында дәрігерге жүгіну қажет.

Қазылша  медициналық көмекке кеш жүгінген және қоса жүретін ауыр аурулар болған жағдайда өлімге алып келуі мүмкін пневмония (өкпенің қабынуы), бронхит, энцефалит (ми қабығының қабынуы) сияқты асқынулардың асқынуымен қауіпті.

Бұдан басқа, жол жүруді, саяхатқа шығуды жоспарлаған кезде азаматтарға бару жоспарланып отырған елдегі инфекциялар бойынша эпидемиологиялық жағдайды білуге және қорғаныш шараларын қабылдауды, қызылша жағдайы кезінде вакцинация алу ұсынылады.

Тұмаудың және басқа да респираторлық вирустық инфекциялардың маусымын және қызылша бойынша жағдайды ескере отырып, медициналық ұйымдарда эпидемияға қарсы іс-шаралар және дезинфекциялық режим (науқастарға келуді шектеу, бетперде кию режимі, кварцтау режимі, ауа алмасымы) күшейтілді. Республиканың барлық өңірлерінде инфекциялық аурулардың алдын алу жөніндегі аумақтық штабтар жұмыс істейді.

Медициналық ұйымдарда жеткілікті төсек қорын қамтамасыз ету мақсатында Астана қаласында 140 төсек қосымша қайта бейінделді, ересектерге арналған жұқпалы аурулар ауруханасында қосымша 50 төсек ашылды. Медициналық ұйымдар науқастарды емдеу үшін дәрілік құралдармен  жеткілікті қамтамасыз етілген.

Сондай-ақ, науқастарды уақтылы анықтау үшін науқастармен қарым-қатынаста болған адамдарды медициналық бақылау жүргізіледі. Одан басқа, үкіметтік емес ұйымдар тарапынан («Вакцинология» қоғамдық бірлестігі, Педиатрлар қоғамы, инфекционисттер қоғамы) халықты әлеуметтік жұмылдыру, яғни тұрғындарды вакцинамен басқарылатын инфекциялардың алдын алу шараларына оқыту, вакцинацияны танымал ету және тікелей желі (88000700830) арқылы тегін консультациялық көмекті ұйымдастыру бөлігінде қолдау көрсетілуде.

Еуропа өңіріндегі қызылша бойынша жағдайды ескере отырып, 2018 жылғы маусымда ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысымен эпидемияға қарсы іс-шаралар күшейтілгенін еске саламыз. Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің аумақтық департаменттеріне және денсаулық сақтау басқармаларына қызылша бойынша эпидемияға қарсы іс-шараларды күшейту және қызылшадан сақтануды арттыру бойынша шаралар қабылдау туралы тапсырма берілді.


Мобильді нұсқа RSS Сайт картасы